Қазақстан құрамасының қорғаушысы Әлібек Қасым "Астана" клубына еркін агент ретінде ауысқан.
"Астана" ұлттық құрама қорғаушысы Әлібек Қасымды өз қатарына қосты. Алайда бұл ауысым үшін "Ақтөбеге" қаржы төленбегені белгілі болды.
27 жастағы футболшының "қызыл-ақтармен" жасасқан келісімшартына әлі екі жыл бар еді. Соған қарамастан ол жаңа клубына еркін агент мәртебесінде ауысқан.
ASnews.kz мәліметінше қорғаушының "Ақтөбемен" келісімінде ерекше шарт болған. Ол бойынша Қазақстан Премьер-лигасындағы кез келген клуб Әлібек Қасымды 200 миллион теңгеге сатып ала алатын еді.
Бірақ "Астана" бұл мүмкіндікті қаржылай өтемсіз пайдаланып, футболшыны тегін алған.
Клубтың жаңа басшылығы Әлібек Қасым мен жанкүйерлер арасындағы күрделі қарым-қатынасты ескеріп, оның кетуіне тосқауыл қоймаған.
2025 жылғы маусым аяқталған соң әлеуметтік желілерде ақтөбелік жанкүйерлер қорғаушының ойынына көңілі толмайтынын ашық жазған. Кейбірі оны сынның астына алды.
Өз кезегінде Әлібек Қасым бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде алаңда бар күшін салғанын айтып, өзіне бағытталған сынмен келіспейтінін жеткізген.
Футболшы жаңа команда сапында алғашқы ойынын да өткізіп үлгерді. Қазақстан Премьер-лигасының бірінші турында "Жетісуға" қарсы матчта алаңға шықты.
Сол кездесуде "Астана" 4:1 есебімен жеңіске жетті. Мәліметке қарағанда, Әлібек Қасым елордалық клубта кемінде екі маусым өнер көрсетеді.