"Ақтөбе" Жезқазғанда жеңілістен әрең құтылды

Сарапшы, спорт журналисі

Ақтөбеліктер Қазақстан Премьер-лигасының 4-турында "Ұлытауға" қарсы жеңілістен соңғы сәтте құтылды.

"Ақтөбе" Жезқазғанда жеңілістен әрең құтылды
instagram.com/@fcaktobe_official

Фаворит үшін оңайға соққан жоқ

Матч алдында қонақтар фаворит саналды. Себебі “Ақтөбе” маусымаралық трансфер кезеңінде құрамын күшейтуге қомақты қаржы жұмсаған. Соған қарамастан турнир кестесінде екі команда да бір-біріне жақын орналасқан еді. Үш турдан кейін “Ұлытаудың” еншісінде төрт ұпай, ал “Ақтөбеде” үш ұпай болды.

Кездесудің алғашқы бөлігінде ойын тізгіні көбіне алаң иелерінің қолында болды. “Ұлытау” бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, есеп ашуға жақын келді. Ал “Ақтөбе” сапында Даниэль Соса мен Пабло Альварес белсенділігімен көзге түсті. Дей тұрғанымен олар да қарсылас қақпашысын қапы қалдыра алмады.

Голдар екінші таймда соғылды

Екінші таймда алаң иелері қысымды үдете түсті. Соның нәтижесінде 71-минутта алға шықты. Гол авторы — жартылай қорғаушы Бека Вачиберадзе.

Бірақ “Ақтөбе” араға он минут салып таразы басын теңестірді. Қонақтар сапынан Даниэль Соса мергендік танытты. Қалған минуттарда есеп өзгеріссіз қалды.

Луиш Нани нәтижелі әрекет жасай алмады

“Ақтөбенің” ең танымал ойыншысы, португалиялық Луиш Нани бұл матчта алаңға 67-минутта шықты. Десек те тәжірибелі футболшы бұл жолы нәтижелі паспен не голмен көзге түсе алған жоқ.

Осы тең ойыннан кейін ҚПЛ-дің онлайн турнир кестесінде “Ұлытау” 5 ұпаймен сегізінші орынға көтерілді. “Ақтөбе” 4 ұпаймен он бірінші орында қалды.

Айта кету керек, “Ақтөбе” бұл матчтқа жаңа бас бапкерімен шықты. Бірер күн бұрын ғана команданы словакиялық маман Штефан Таркович тізгіндеген еді. Ол бұл қызметте болгариялық Николай Костовтың орнын басты.

Материалда: