ҚФФ 1,5 миллион долларға Hawk-Eye жүйесін сатып алды
Қазақстан футбол федерациясы төрешілік сапасын арттыру мақсатында Hawk-Eye жүйесін 1,5 миллион долларға сатып алғаны белгілі болды.
Hawk-Eye жүйесі кімнің есебінен алынды?
Қазақстан футбол федерациясының ғимаратында ҚФФ төрешілік және инспекция департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштрудың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуі өтті. Ол матч кезіндегі шешім қабылдау тетіктерін түсіндіріп, Hawk-Eye жүйесінің жұмысы туралы айтып берді.
Кездесуде ҚФФ-ның Hawk-Eye жүйесін 1,5 миллион долларға сатып алғаны айтылды. Мәліметке сәйкес, бұл технологияны алуға жұмсалған қаржы толық FIFA есебінен бөлінген.
Яғни жүйе Қазақстан футболының қажеттілігі үшін енгізілгенімен жобаны қаржыландыруда ұлттық федерацияның өз қаражаты емес, халықаралық футбол ұйымының қолдауы пайдаланылған.
Жүйе қай жылға дейін жұмыс істейді?
Төрешілік департаментінің мәліметінше, Hawk-Eye жүйесін пайдалану мерзімі 2029 жылға дейін, яғни сол жылды қоса алғанда есептелген.
Бұл жүйе қазір елдегі 13 стадионға толық орнатылған. Осылайша Қазақстан Премьер-лигасының басым бөлігінде заманауи VAR технологиясы тұрақты түрде жұмыс істеп тұр.
Қазақстан Премьер-лигасында Hawk-Eye жүйесі орнатылмаған жалғыз стадион – “Оқжетпес” клубының аренасы. Мұның басты себебі – қажетті техникалық бөлменің болмауы. Ақпаратқа қарағанда клуб басшылығы барлық дайындық жұмыстарын 6 сәуірге дейін аяқтауға уәде берген, бірақ ол міндет орындалмаған.
Қазақстандағы ең үздік VAR-бөлме қайда орналасқан?
ҚФФ төрешілік департаментінің бағалауынша, Қазақстандағы ең үздік VAR-бөлме Петропавлдағы “Қарасай” стадионында орналасқан. Бұл нысан техникалық жабдықталуы мен төрешілерге жасалған жағдай жағынан жоғары бағаланған.
Жиында тағы бір маңызды жайт айтылды: VAR жүйесінде қосымша камералар мен қосымша ракурстар жоқ. Яғни, бейнеқайта қарау кезінде төрешілер тек трансляция таратушы ұсынған камералар мен көріністерді пайдаланады.
Бұл дегеніміз, күмәнді эпизодтарды талдау сапасы белгілі бір деңгейде матч көрсетілімін ұйымдастыратын тараптың техникалық мүмкіндігіне де байланысты.
Болашақта даулы сәттерге бейнетүсіндірме беріледі
ҚФФ өкілдері алдағы уақытта жанкүйерлер мен мамандар үшін тағы бір жаңашылдық енгізілетінін жеткізді. Енді турдағы даулы эпизодтарға тек мәтіндік түсіндірме ғана емес, сонымен бірге әр сәтке арнайы бейнеталдау да ұсынылады.
Бұл шешім төрешілер шешімінің ашықтығын күшейтіп, футболдағы даулы жағдайларды жанкүйерлерге барынша түсінікті етуге бағытталған.