Лионель Месси испаниялық клубты сатып алды

Сарапшы, спорт журналисі

Аргентиналық супержұлдыз, сегіз дүркін "Алтын доп" иегері Лионель Месси Испаниядағы UE Cornellà клубының жаңа иесі атанды.

Лионель Месси испаниялық клубты сатып алды
instagram/@leomessi

Испаниялық клубтың жаңа қожайыны

Каталониядағы Байш-Льобрегат ауданынан шыққан UE Cornellà клубы 1951 жылы құрылған. Команда испаниялық футболдағы дәстүрі бар ұжымдардың бірі саналады. Қазір клуб Tercera Federación жарысында өнер көрсетеді. Бұл — Испания чемпионаты жүйесіндегі бесінші деңгей.

Клубтың ресми мәлімдемесінде Лионель Мессидің келуі тек меншік ауысуы емес, ұзақ мерзімді даму жобасының бастамасы екені атап өтілді. Басшылық бұл қадам спорттық өсім мен институционалдық тұрақтылықты күшейтіп, жергілікті таланттарды дамытуға жаңа серпін беретінін жеткізді.

“Корнелья” қандай клуб?

UE Cornellà — Каталония футболында жас ойыншыларды тәрбиелеумен танылған клубтардың бірі. Бұл команданың жүйесінен кейін жоғары деңгейге көтерілген бірнеше танымал футболшы шыққан. Олардың қатарында Испания құрамасы мен лондондық “Арсеналдың” қақпашысы Давид Райя, сондай-ақ Мессидің бұрынғы командаласы Жорди Альба бар.

Сонымен бірге клуб тарихында Хави Пуадо, Кейта Бальде, Айтор Руибаль және Илие Санчес секілді белгілі футболшылардың есімі аталады. Бұл фактор “Корнельяның” жастар футболын дамытудағы беделін айқын көрсетеді.

Мессидің бұл қадамы нені білдіреді?

Клуб мәлімдемесіне қарағанда, жаңа жоба амбиция, тұрақты даму және жергілікті тамырмен байланысты қатар ұстанады. Яғни, Месси тек атақ үшін емес, нақты футболдық және құрылымдық даму жоспары бар бастамаға кіріскен. Сонымен қатар бұл шешім оның “Барселонамен” байланысын тағы бір мәрте күшейте түсті.

Қазір UE Cornellà өз тобында 30 турдан кейін 55 ұпаймен үшінші орында келеді. Команда көш басындағы “Манресадан” бес ұпайға қалып отыр, ал маусым аяқталғанша төрт тур қалған. Демек Мессидің клубқа келуі шешуші сәтпен тұспа-тұс келіп отыр.