Қазақстан әйелдер құрамасы ӘЧ іріктеуінде Беларусьті жеңді (ВИДЕО)
С лигасы аясындағы матч Грузияның Гори қаласындағы "Тенгиз Бурджанадзе" стадионында өтіп, қазақстандық футболшылардың жеңісімен аяқталды.
Матч тағдырын ерте берілген қызыл қағаз шешті
Кездесудің басында Беларусь құрамасы қиын жағдайға тап болды. Ойынның 11-минутында Карина Ольховик қызыл қағаз алып, командасын он ойыншымен қалдырды. Бұл жағдай матчтың әрі қарайғы өрбуіне тікелей әсер етті.
Сан басымдығына ие болған Қазақстан құрамасы ұзақ уақыт бойы өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Соған қарамастан ойын соңына қарай отандастарымыз жеңісті жұлып әкетті.
Матчтың 84-минутында Қазына Норбаева шешуші гол соғып, командасына аса маңызды үш ұпай сыйлады.
Турнир кестесіндегі жағдай
Бұл жеңістен кейін Қазақстан құрамасының еншісінде 6 ұпай бар. Команда өз тобында екінші орынға көтерілді.
Енді қазақстандық футболшылар келесі матчын 5 маусым күні сырт алаңда Армения құрамасына қарсы өткізеді. Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан өз алаңында Арменияны 3:0 есебімен сенімді түрде жеңген.