Португалиялық алпауыттар Темірлан Анарбеков үшін 2,5 млн еуро төлеуге дайын
"Спортинг" пен "Бенфика" қазақстандық қақпашы үшін ұсыныс дайындауға дайын.
Анарбековке қызығушылық неге артты?
Журналист Ермұхамед Мәуленнің мәліметінше, Лиссабонның қос гранды Анарбековтің трансфері үшін 2,5 миллион еуро төлеуге ниетті.
Темірлан Анарбековке деген назар оның Чемпиондар лигасындағы сенімді ойынынан кейін күшейген. Әсіресе “Қайраттың” іріктеу кезеңіндегі шешуші матчтарында қазақстандық қақпашы өзін жоғары деңгейде көрсетті.
Чемпиондар лигасының іріктеуіндегі “Селтикке” қарсы кездесуде Анарбеков нағыз қаһарманға айналды. Пенальти сериясында үш соққыны қайтарып, “Қайраттың” сенсациялық түрде турнирдің жалпы кезеңіне шығуына үлкен үлес қосты.
“Қайрат” қақпашысы Еуропада көзге түсті
Негізгі кезеңде Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасында алты матч өткізді. Осы ойындарда қазақстандық голкипер 13 гол жібергенімен бірнеше кездесуде жоғары деңгейдегі сейвтерімен ерекшеленіп, еуропалық футбол мамандарының назарын аударды.
Оның тұрақты ойыны мен қысым кезіндегі салқынқандылығы “Спортинг” пен “Бенфика” сияқты клубтардың қызығушылығын тудырған.
УЕФА нұсқасы бойынша үздік ойыншы атанған алғашқы қазақстандық
Темірлан Анарбеков тағы бір тарихи жетістікке жетті. Ол УЕФА нұсқасы бойынша Чемпиондар лигасы матчының үздік ойыншысы деп танылған алғашқы қазақстандық футболшы болды.
Бұл нәтиже оның халықаралық аренадағы беделін арттырып қана қоймай, қазақстандық футболшылардың Еуропадағы мүмкіндігі бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.