ФИФА рейтингі: Қазақстан құрамасы қай орында?
Алда команда Армения және Венгрияға қарсы жолдастық матчтар өткізеді.
Қазақстан ұлттық құрамасы Халықаралық футбол федерациясының жаңартылған рейтингінде позициясын жақсартты. Жаңа тізімде ұлттық команда бір саты көтеріліп, 109-орынға жайғасты. Бұған дейін Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 110-орында тұрған еді.
Талғат Байсуфинов шәкірттері алдағы күндері екі жолдастық кездесу өткізеді. Бұл ойындар бапкерлер штабына құрамның қазіргі деңгейін бағалауға және жаңа футболшыларды сынауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Армения және Венгриямен ойнайды
Маусым айында Қазақстан құрамасын сырт алаңда екі жолдастық матч күтіп тұр.
Алғашқы кездесу 6 маусымда Армения құрамасына қарсы өтеді. Ал үш күннен кейін, 9 маусымда, қазақстандық футболшылар Венгрия ұлттық құрамасымен ойнайды.
Бұл кездесулер ресми турнирлер алдындағы дайындық кезеңінің маңызды бөлігі болмақ.
Құрамаға үш жаңа ойыншы шақырылды
Қазақстан құрамасының маусым айындағы оқу-жаттығу жиынына шақырылған тізімі 25 мамырда жарияланған. Кеңейтілген құрамға 25 футболшы енді.
Бұл жолы ұлттық командаға үш дебютант шақырту алды. Олар — шымкенттік "Ордабасының" жартылай қорғаушылары Жасұлан Әмір мен Мағжан Тоқтыбай, сондай-ақ "Астана" қорғаушысы Мақсат Абраев.