Ислам Чесноков ҚПЛ-дың қай клубына қосылатыны айтылды
Ислам Чесноковтың Еуропадағы бейімделу кезеңі ауыр өтіп жатыр. Осыған байланысты "Хартс" жазғы трансферлік кезеңде қазақстандық вингермен қоштасу нұсқаларын қарастыруға дайын.
Шотландиялық "Хартс" клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы Ислам Чесноков жазғы трансферлік кезеңде Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралуы мүмкін.
AmanVIBE дерегінше, қазір ойыншы клубтық болашағына қатысты асығыс шешім қабылдамай, бар назарын Қазақстан құрамасының алдағы матчтарына аударып отыр.
Дереккөз мәліметіне қарағанда, Ислам Чесноковтың Еуропадағы бейімделу кезеңі ауыр өтіп жатыр. Осыған байланысты "Хартс" жазғы трансферлік кезеңде қазақстандық вингермен қоштасу нұсқаларын қарастыруға дайын. Футболшының өзі әзірге нақты шешім қабылдамағанымен, ҚПЛ клубтары оған қызығушылық танытып отыр.
Чесноков екі клубтан бас тартқан
Ақпаратқа сәйкес, Ислам Чесноков Қазақстан Премьер-лигасының екі клубынан бас тартқан. Олар - "Ақтөбе" мен "Елімай".
Қазіргі таңда футболшыға "Ордабасы" мен "Тобыл" қызығушылық танытып отыр.
Қостанайлық клуб Чесноковты жалға алу нұсқасын қарастырса, шымкенттік "Ордабасы" ойыншыны сатып алуға дайын.
Қазір Чесноков ұлттық құрамада
Қазіргі уақытта Ислам Чесноков Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Ереванда жүр. 6 маусым күні Қазақстан құрамасы Арменияға қарсы жолдастық кездесу өткізеді. Матч Қазақстан уақытымен 21:00-де басталады.