Қазақстан тумасы әлем чемпионатында Өзбекстан намысын қорғайды
Футболдан әлем чемпионатында Қазақстанда дүниеге келген жалғыз футболшы ретінде Өзбекстан құрамасының қақпашысы Уткир Юсупов өнер көрсетеді.
TUDN порталының зерттеуіне сәйкес, әлем чемпионатында туған елінің құрамасында ойнамайтын 289 футболшы бар. Тізімде Қазақстанда туған жалғыз ойыншы Өзбекстан құрамасының қақпашысы Уткир Юсупов те бар.
Сайрамнан әлем чемпионатына дейін
35 жастағы қақпашы Түркістан облысындағы бұрынғы Сайрам ауылында дүниеге келген. Кейін отбасымен бірге Өзбекстанға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алып, кәсіби мансабын бастады. Юсупов ұлттық құрамадағы алғашқы матчын 2018 жылы өткізді. Содан бері 44 ойынға қатысып, Өзбекстанның тарихта алғаш рет әлем чемпионатына шығуына үлес қосты.
Юсупов кәсіби футболдағы мансабын 2012 жылы “Машал” клубында бастады. Кейін “Насаф” , “Нефтчи” , “Қоқан-1912”, “Фулад Ахваз” клубтары сапында өнер көрсетті. Қазіргі таңда қақпашы “Навбахор” клубының жетекші ойыншыларының бірі.