Нұралы Әліп төртінші рет Ресей Суперкубогын жеңіп алды

Жекпе-жек шолушысы

Петербургтік команда шешуші матчта мәскеулік "Спартакты" пенальти сериясында жеңді.

Нұралы Әліп төртінші рет Ресей Суперкубогын жеңіп алды
instagram.com/nurik028/

“Спартак” есепте алға шықты

Матчтағы алғашқы гол 25-минутта соғылды. Мәскеулік клубтың жартылай қорғаушысы Кристофер Мартинс мергендігімен көзге түсті. 

Мәскеуліктер минималды басымдығын кездесудің соңына дейін сақтап қалуға жақын болды. Бірақ төреші қосқан уақыттың 98-минутында “Зенит” пенальти орындау құқығына ие болды.

Он бір метрлік айып добын Александр Соболев дәл орындады. 

Матчтан кейінгі пенальти сериясында петерборлықтар футболшылар мүлт кетпеді. “Зенит” 4:2 есебімен жеңіп, Ресей Суперкубогын иеленді. Осылайша петербургтік клуб жаңа маусым алдындағы алғашқы жүлдесін жеңіп алды.

Әліп төртінші Суперкубогын алды

Қазақстан құрамасының капитаны Нұралы Әліп “Зениттің” негізгі құрамына енген жоқ және кездесуді қосалқы құрамда өткізді.

Соған қарамастан бұл трофей қазақстандық қорғаушы үшін мансабындағы төртінші Ресей Суперкубогы болды.

“Зенит” Ресей Премьер-лигасының жаңа маусымындағы алғашқы турда 25 шілде күні сырт алаңда Тольяттидің “Акрон” командасымен кездеседі.