Қызыл қағаз да көмектеспеді: "Қайрат" "Омониядан" қалай жеңіліп қалды? (ВИДЕО)
Алматылық "Қайрат" ФК Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта Кипрдің "Омония" командасына жол берді.
"Омония" алғашқы мүмкіндігін пайдаланды
Матчтың бастапқы минуттарында алаң иелері белсенді қимылдап, "Қайрат" қақпасына қысым жасады. Кипрлік команда шабуылдардың бірінде нәтижеге қол жеткізді.
Әділет Садыбековтің өз айып алаңына бағыттаған сәтсіз пасын Панайотис Андреу тиімді пайдаланып, есеп ашты.
Жіберілген голдан кейін алматылықтар шабуылдағы белсенділігін арттырып, қарсылас қақпасы маңында бірнеше қауіпті жағдай ұйымдастырды.
VAR шешімінен кейін "Омония" 10 ойыншымен қалды
Бірінші таймда Луиш Мата жылдам шабуылға шыққан кезде кипрлік қорғаушы Него ереже бұзып оны тоқтатты.
Бас төреші эпизодты VAR жүйесі арқылы қайта қарап, Негоға қызыл қағаз көрсетті. Осылайша алаң қожайындары матчтың қалған бөлігін он ойыншымен өткізуге мәжбүр болды.
Сан басымдығына ие болған "Қайрат" қысымды күшейтіп, үзіліске дейін есепті теңестіруге бірнеше мүмкіндік алды. Бірақ соққыларын голға айналдыра алмады.
Азамат Тұяқбаевтың соққысы қақпа бағанына тиді
Екінші таймда "Қайрат" допқа көбірек иелік етіп, қарсыласын өз айып алаңына қарай тықсырды. Ал "Омония" негізінен қарымта шабуыл арқылы қауіп төндіруге тырысты.
Кездесудің ең қауіпті сәттерінің бірінде Азамат Тұяқбаев алыстан қуатты соққы жасады. Дегенмен доп қақпа маңдайшасына тиіп, алаңға қайта оралды.
Матч соңына дейін "Қайрат" есепті теңестіруге ұмтылғанымен "Омония" қорғаныста сауатты ойнап, минималды басымдығын сақтап қалды.
Командалар арасындағы қарымта матч 29 шілдеде Алматыда өтеді.