"Қайсар Арена" халықаралық матчтарды өткізу құқығына ие болды
Қызылордадағы "Қайсар Арена" стадионына УЕФА-ның ең жоғары төртінші санаты ресми түрде берілді.
Биыл сәуір айында УЕФА-ның стадион инфрақұрылымы жөніндегі инспекторы Скотт Струзерс Қызылордаға арнайы келіп, спорт нысанының халықаралық талаптарға сәйкестігін тексерген болатын. Сараптама нәтижелері мен ұсынылған есептерді қарастырғаннан кейін УЕФА “Қайсар Аренаға” төртінші санатты беру туралы шешім қабылдады.
Қандай матчтарды қабылдай алады?
Жаңа мәртебенің арқасында стадионда:
- Чемпиондар лигасының;
- Еуропа лигасының;
- Конференция лигасының;
- Ұлттар лигасының;
- Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан ұлттық құрамасының матчтарын өткізуге мүмкіндік туды.
Бұл санат халықаралық деңгейдегі ең жоғары талаптарға сай келетін ареналарға ғана беріледі.
11 мың орындық жаңа стадион
Айта кетейік, 11 мың көрерменге арналған “Қайсар Арена” 2025 жылдың 4 қазанында пайдалануға берілген болатын, ал құрылысқа шамамен 20 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Стадионның алғашқы ресми матчы Қазақстан кубогының финалында өтіп, алаңда “Ордабасы” мен “Тобыл” командалары кездескен еді.