Қазақстанда үш клубта ойнаған литвалық футболшы өмірден өтті
Литва құрамасының бұрынғы шабуылшысы Артурас Фоменко 50 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Кәсіби жолын "Экранаста" бастады
Литвалық ақпарат көздерінің мәліметінше, футболшы ауыр науқастан кейін өмірден өткен.
Артурас Фоменко 1977 жылғы 14 ақпанда Паневежис қаласында дүниеге келген. Кәсіби мансабын жергілікті "Экранас" командасында бастаған.
Кейінірек "Кареда", Ресейдің "Ростсельмаш" және "Волгарь-Газпром" клубтарында, сондай-ақ Литва, Қазақстан мен Өзбекстанның бірқатар командасында өнер көрсетті.
Қазақстандағы алғашқы клубы – "Ақтөбе-Ленто"
Фоменко Қазақстан чемпионатына алғаш рет 2004 жылы келіп, "Ақтөбе-Ленто" сапына қосылды. Ақтөбелік командада Премьер-лигада 20 матч өткізіп, бес гол соқты.
Келесі маусымда "Қайратқа" ауысты. 18 кездесуде тоғыз рет мергендігімен көзге түсіп, 2005 жылы алматылықтармен бірге Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
"Қайсар" сапында да өнер көрсетті
Фоменко "Қайраттағы" маусымынан кейін Литваға оралды. Ал 2007 жылы Қазақстанға оралып, "Қайсармен" келісімшарт жасасты.
Қызылордалық команда құрамында 15 матчқа қатысып, төрт голдың авторы атанды. Осылайша шабуылшы Қазақстан Премьер-лигасында жалпы 53 кездесу өткізіп, 18 гол соқты.
Мансабының кейінгі кезеңінде Өзбекстан чемпионатында ұзақ уақыт өнер көрсетті.
Артурас Фоменко 1996–2003 жылдар аралығында Литва ұлттық құрамасында ойнады. Елдің бас командасы сапында 23 матч өткізіп, жеті гол соқты.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.