"Бернли" бапкері Дастан Сәтпаевтың жарақатына қатысты мәлімдеме жасады
Ники Хайен қазақстандық футболшының жағдайын түсіндіріп, жарақаттың қаншалықты ауыр болуы мүмкін екенін айтты.
"Бернлидің" бас бапкері Ники Хайен Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың "Мидлсброға" қарсы матчтағы ойынына баға беріп, футболшының ықтимал жарақаты туралы айтты.
Англия Чемпионшипінің төртінші турында өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Сәтпаев 80 минут ойнады
Дастан Сәтпаев матчты негізгі құрамда бастап, алаңда 80 минут өткізді. Кездесудің соңына қарай ол ауыстырылған кезде санының артқы бөлігін ұстап шықты. Осыдан кейін қазақстандық шабуылшының жарақат алғаны туралы күдік пайда болды. Соған қарамастан, Сәтпаев "Бернли" сапындағы матчтың үздік ойыншысы деп танылды.
Ники Хайен футболшының жағдайын нақтылау үшін медициналық тексеру қажет екенін айтты.
"Бізге тексеру жүргізу керек. Қазірше оның аяғы жай ғана құрысып қалған сияқты. Ол жақсы матч өткізді. 18 жастағы футболшының команданың басқа ойыншыларына үлгі болып жүргеніне өте қуаныштымын", – деді Хайен.
Бапкер Сәтпаевтың алаңдағы белсенділігі мен жұмыс көлеміне де жоғары баға берді.
"Дастан үлкен ықылас көрсетті, ойынға белсенді араласты және бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Командада барлығы оны құрметтейді. Ол өте қарапайым, ашық мінезді жігіт. Көп жұмыс істейді және алаңда айырмашылық жасауға тырысады", – деді маман.
Чемпионшиптің қатал футболына бейімделіп жатыр
"Бернли" бапкері Сәтпаевтың Англиядағы футболға біртіндеп үйреніп келе жатқанын да атап өтті.
"Иә, ол бейімделіп жатыр. Бірақ Англия чемпионаты өте қатал, физикалық күресі көп лига. Сондықтан біз оны белгілі бір деңгейде қорғауға да тырысамыз. Бірақ бұл әрдайым мүмкін бола бермейді", – деді Хайен.
Оның сөзінше, футболшыдағы қазіргі жайсыздықтың ауыр жарақатқа ұласпауы маңызды.
"Қазір аздаған зақым бар, бұл құрысуға ұқсайды. Ауыр салдары болмайды деп үміттенеміз. Ешкім оның ұзақ уақытқа жарақат алып қалғанын қаламайды. Оның 90 минутқа жуық ойнап жүргенін көріп отырсыздар. Бұл тәжірибелі футболшыларға да оңай емес, ал жас ойыншы үшін тіпті қиын", – деді бапкер.
"Бернлидің" келесі матчы қашан?
Англия Чемпионшипінің келесі турында "Бернли" "Бристоль Ситимен" кездеседі. Матч 5 қыркүйекте өтеді.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.