
"Барыс" ХК бас бапкер Ғалым Мәмбетәлиевті мерзімінен бұрын қызметтен босатса, шамамен 194 миллион теңге өтемақы төлеуге мәжбүр болады.
"Барыс" пен Ғалым Мәмбетәлиев арасындағы үш жылдық келісімшарт әлі де өз күшінде. Алайда бапкерді қызметінен мерзімінен бұрын босатуға шешім қабылданса, оған шамамен 29 миллион рубль (194 миллион теңге) көлемінде өтемақы төленуі тиіс.
Бұған дейін БАҚ-та "Барыс" клубына 300 миллион рубль көлемінде қаржылай қолдау көрсетуге дайын жеке демеуші табылғаны туралы ақпарат тараған еді. Бірақ қаржылай көмек көрсету шартының бірі – бас бапкерді ауыстырып, шетелдік маманды тағайындау болуы мүмкін деген болжам айтылуда.
Айта кетейік, "Барыс" 2024/2025 жылғы маусымда Құрлықтық хоккей лигасында (КХЛ) ең соңғы орынға жайғасып, 68 матчта бар болғаны 35 ұпай жинады. Бұл нәтиже клуб тарихындағы ең сәтсіз кезеңдердің бірі ретінде есте қалды.