Қазақстан 0:3 есебінен керемет камбэк жасады

Сарапшы, спорт журналисі

Хоккейден Қазақстанның 18 жасқа дейінгі құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты-2026 IA дивизионында Украинамен кездесті.

Қазақстан 0:3 есебінен керемет камбэк жасады
instagram/@kazakhstanicehockey

Матч қалай өрбіді?

Кездесудің алғашқы кезеңі тең дәрежеде өтті. Қос команда шабуылда да, қорғаныста да жинақы ойын көрсетті. Соған қарамастан бірінші болып Украина есеп ашты. 17-минутта Артем Ратушняк мергендік танытса, араға небәрі 21 секунд салып Святослав Васяк басымдықты еселей түсті.

Екінші кезеңде Украина құрамасы есепті 3:0-ге жеткізді. Бұл голдың авторы Ярослав Панасенко болды. Осындай қиын сәтте Қазақстан құрамасы ойынға қайта оралудың жолын тапты. 37-минутта Владислав Ануфриев есеп айырмасын қысқартса, көп ұзамай Михаил Коленко тағы бір шайба соғып, матчтағы интриганы жандандырды.

Камбэк жасап, жеңісті жұлып алды

Үшінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер толық басымдық танытты. Никита Гридасов таразы басын теңестірді. Ал негізгі уақыттың аяқталуына үш минут қалғанда Матвей Решетко жеңіс шайбасын соғып, Қазақстанды алға шығарды.

Матчтың соңғы сәттерінде Украина қақпашысын алмастырып, алаңға алтыншы ойыншыны шығарды. Осы сәтті тиімді пайдаланған Егор Кравченко бос қақпаға дәл соққы жасап, қорытынды есепті 5:3 етіп белгіледі.

Турнир кестесіндегі жағдай

Осы жеңістен кейін Қазақстан 9 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орынға жайғасты. Команда бұған дейін де әлем чемпионатын сенімді бастаған:

  • алғашқы турда Венгрияны 5:2 есебімен ұтты;
  • екінші матчта Польшаны 10:2 есебімен тас-талқан етті.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасының келесі ойыны Швейцарияға қарсы болады. Кездесу 23 сәуір күні Астана уақытымен 15:30-да басталады.