Қазақстандық клубтың ойыншылары бірнеше айдан бері жалақы ала алмай жүр
Алматылық "Айсұлу" әйелдер хоккей клубының шабуылшысы Мәлика Алдабергенова командадағы қаржылық жағдай туралы ашық айтты.
“Айсұлу” хоккейшілері жалақысыз қалған
Мәлика Алдабергенованың айтуынша, алматылық клуб басшылығы командаға бес айдан бері еңбекақы төлемеген. Осы уақыт аралығында хоккейшілерге жалақыны толық беруге бірнеше рет уәде етілгенімен нақты төлем жасалмаған.
Спортшы жағдайдың команда мүшелеріне ауыр тигенін жеткізді. Кейбір хоккейшілер күнделікті өмір сүру үшін қарыз алуға, тіпті несие рәсімдеуге мәжбүр болған.
Ойыншылар мәселені неге қазір көтерді?
Алдабергенова команданың бұл жағдайды көпшілікке жариялауына Михаил Шайдоровтың жалақы мәселесіне қатысты мәлімдемесі түрткі болғанын айтты. Оның сөзінше, егер мәнерлеп сырғанаушының жағдайы қоғамда талқыланбағанда әйелдер хоккейіндегі бұл проблема назардан тыс қалуы мүмкін еді.
Хоккейші өздері мен командаластарын ешкім естімей, мәселе елеусіз қалуы ықтимал болғанын жасырмады.
Қазір хоккей маусымы аяқталған. Команда жаттығуды шілде айында қайта бастауы тиіс. Бірақ ойыншылар алдағы жағдайға алаңдаулы.
Мәлика Алдабергенова егер команда мұз айдынына қайта шықпай қалса да, бұған көпшілік бейжай қарайтындай әсер бар екенін айтты. Спортшының сөзінше, мұндай жағдайда “бір мәселе азайды” деген көзқарас қалыптасуы мүмкін.