Бибісара Асаубаева әлем жұлдыздарын шаң қаптырып кетті
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемдік деңгейдегі қарсыластарын артта қалдырып, ел тарихында екінші әйел-гроссмейстер атануға бір қадам қалды.
Sharjah Masters 2025: тарихи нәтижеге жол ашқан турнир
21 жастағы Бибісара Асаубаева БАӘ-де өткен Sharjah Masters 2025 супертурнирінде өзінің үшінші гроссмейстерлік нормативін орындап, FIDE рейтингінде алғаш рет 2500 ұпай межесінен асты. Бұл – әлемнің үздік шахматшылары арасында лайықты орын алуға мүмкіндік беретін үлкен жетістік.
Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) бұл тарихи жаңалыққа қатысты былайша мәлімдеме жасады:
“Бибісара Асаубаева – Қазақстаннан шыққан жаңа гроссмейстер! Ол Sharjah Masters турнирінде 64 гроссмейстердің арасында үздік 30-дыққа енді. Ең бастысы әйелдер арасында үздік нәтиже көрсетіп, әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды артта қалдырды: әйелдер Гран-приінің жеңімпазы Чжу Цзиньэр мен Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухтан озды!”
Қазақстанның екінші әйел-гроссмейстері атануға жақын
Бибісараның бұл жетістігінен кейін енді тек ФИДЕ кеңесінің ресми шешімі қалды. Егер ол бекітілсе, Бибісара Асаубаева Жансая Әбдімәліктен кейін Қазақстан тарихындағы екінші әйел-гроссмейстер атанады.