
Жәния Бекмұхамбетова Ташкентте өткен беделді WTT Youth Contender турнирінде қола медаль иеленді.
13 жасқа дейінгі қыздар арасында сынға түскен Жәния жарыстың алғашқы төрт кездесуінде жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Алайда 1/2 финал кезеңінде қарсыласынан жеңіліп, турнирді үшінші орынмен қорытындылады.
"Жәния бұл турнирде де мықты қарсыластармен табысты өнер көрсетті. Оның тұрақты ойын мәнері мен табандылығы – болашағы зор спортшы екенін тағы бір дәлелдеді", – дейді бапкерлер штабы.
Ташкенттегі турнирге Австралия, Корея, Иран, Үндістан, Малайзия, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Беларусь және өзге де елдердің жас дарындары қатысты. Медальдар 11, 13, 15, 17 және 19 жасқа дейінгі санаттар бойынша сарапқа салынды.
Айта кетейік, бұған дейін Жәния Бекмұхамбетова Болгария мен Испанияда өткен халықаралық жарыстарда топ жарып, алтын медаль еншілеген. Әсіресе Испаниядағы WTT Youth Contender турниріндегі жеңісі оны Еуропада да мойындатқан еді.