
Әлемдік таэквондо аренасында сенсация тіркелді. Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) өзбекстандық таэквондошы, Олимпиада чемпионы Улугбек Рашитовқа қатысты күтпеген шешім жариялады. Бұл жаңалық спорт әлемін дүр сілкіндірді.
23 жастағы Рашитов екі жылға спорттан шеттетілді. Бұл шешімнің негізінде допинг қабылдауы емес, антидопингтік ережелерді үш мәрте бұзуы жатыр. Атап айтқанда, ол өзінің орналасқан жері туралы мәліметті үш рет уақытында бермеген. Бұл – WADA (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) ережесі бойынша ауыр тәртіп бұзушылық болып саналады.
Халықаралық агенттік: “Спортшы 12 ай ішінде орналасқан жері туралы ақпарат беруден үш рет жалтарды” — деп мәлімдеді.
Осылайша, Рашитов тек 2027 жылдың 12 мамырынан кейін ресми жарыстарға қайта қатыса алады.
Улугбек Рашитов – Өзбекстанның ең танымал спортшыларының бірі. Ол 2021 және 2024 жылдардағы жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы және әлем чемпионаттарының жүлдегері.
Ол — Өзбекстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингте бірінші орынды (205.00 ұпай) иеленіп отырған спортшы болатын.