
Турнирдің алғашқы секундтарында-ақ қарсыласын тоқтатқан Закир Найманбаев Power Slap 14 аренасында америкалық Купер Хауслиге еш мүмкіндік қалдырмады.
Қазақстандық спортшы, Семей қаласының тұрғыны Закир Найманбаев АҚШ-та өткен Power Slap 14 турнирінде көзтартарлық жеңіске жетті. Ол америкалық Купер Хауслиді бір соққымен нокаутқа түсіріп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына ие болды.
31 жастағы Закир Найманбаев Power Slap 14 турнирінде америкалық Купер Хауслимен кездесіп, алғашқы раундта-ақ жекпе-жекті аяқтады. Жеребеге сәйкес, бірінші болып Хаусли соққы жасаған. Бірақ Найманбаев қарсыласын сабырмен қарсы алып, жауап ретінде бір соққымен қарсыласын нокаутқа жіберді.
Бұл жеңіс қазақстандық спортшының Power Slap аясындағы үшінші кездесуі болды.
Закир Найманбаев Семей қаласында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Сонымен қатар ол шағын отбасылық кәсіпті жүргізіп, спорттық мансабын қатар алып келеді.