
Сайлау келесі айдың соңына жоспарланған.
Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы, орта салмақтағы көп дүркін әлем чемпионы Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) толық қолдауына ие болып, World Boxing ұйымының президенті қызметіне басты үміткер болып отыр.
Бұған дейін әйгілі украиналық боксшы Владимир Кличко осы лауазымға үміткер болатынын жариялаған еді. Алайда оның кандидатурасы жарияланғаннан бірнеше күн өткен соң-ақ жарыстан шегерілді. Осылайша, Головкин сайлау алдындағы негізгі фаворит мәртебесін сақтап, ХОК тарапынан сенімді қолдауға ие болды.
Сайлау 23 қараша күні өтеді. Егер Головкин жеңіске жетсе, ол World Boxing ұйымының президенті ретінде 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарындағы боксты үйлестіруге мүмкіндік алады.
Головкин рингтегі табыстарымен ғана емес, спорттағы әділдік пен адалдық қағидаттарын ұстанатын тұлға ретінде де танымал. Сарапшылардың пікірінше, оның ұйым басына келуі әлемдік бокстың беделін арттырып, Олимпиадалық қозғалыс аясында реформаларды жандандыруы мүмкін.