
Италия үкіметі 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары өтетін кезеңде барлық соғыс пен қақтығысты уақытша тоқтату мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) ресми түрде ұсыныс енгізбек.
Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі және вице-премьері Антонио Таяни мәлімдеді.
«Біз бейбітшілік үшін күресуші ел болуымыз керек. АҚШ-тың Газа бойынша жоспарын қолдаймыз. Папа Лев айтқандай, бейбітшілікке деген үмітті жоғалтпауымыз қажет. Рим мен Италия бүгінде әлемдегі бейбітшілік пен дамудың тоғысқан нүктесіне айналып келеді. Сондықтан Милан мен Кортинада өтетін Олимпиадаға байланысты біз БҰҰ-ға әлемдік олимпиадалық бітім орнату туралы ұсыныс жолдаймыз. Бұл бастама Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарды да қамтиды», – деді Таяни.
Қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылдың 6–22 ақпаны аралығында Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында ұйымдастырылады. Бұл ұсыныс Италияның халықаралық аренадағы бейбітшілік пен дипломатияның орталығы ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.
2026 жылғы Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің басшысы Джованни Малаго да Италияның бастамасын қолдап, қазанның 19-ы күні БҰҰ мінберінен ресми үндеу жасайтынын хабарлады.
«Бұл арманның жүзеге асқаны – біздің елдің әлемге жолдай алатын ең маңызды бейбітшілік сигналы болмақ», – деді Малаго.
Олимпиадалық бітім дәстүрі б.з.д. VIII ғасырда ежелгі Грекияда пайда болған. Ол кезде соғыстар Олимпиада ойындарының алдында, барысында және соңында тоқтатылып, спортшылар мен көрермендердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін.
Бұл игі дәстүрді Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 1992 жылы қайта жаңғыртқан. Содан бері әр Олимпиада қарсаңында бейбітшілікке үндейтін осындай ресми бітім жарияланып келеді.