
Алматыда 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы жүріп жатыр. Нысан ФИФА мен УЕФА стандарттарына толық сәйкес келеді.
Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.
«Жаңа стадион – еліміздегі ең ірі спорт нысандарының бірі болады. Ол халықаралық деңгейдегі ойындарды қабылдауға мүмкіндік береді. Жоба Алматының спорттық астана ретіндегі мәртебесін нығайтуға және бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған», – деді Қалдыбеков.
Жаңа стадион қаланың спорт инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында бой көтеруде. Жоба іске қосылғаннан кейін Алматыда халықаралық турнирлер мен ұлттық құраманың маңызды матчтарын өткізуге жағдай жасалады.
Мамандардың айтуынша, аренада заманауи жабдықтар, жаңа технологиялы көгал жүйесі және жанкүйерлерге арналған ыңғайлы инфрақұрылым қарастырылған.
Қазір елдегі ең үлкен футбол аренасы — «Астана Арена», оның сыйымдылығы 30 200 орын. Одан кейінгі орында Алматының «Орталық» стадионы (23 804 орын) және Шымкенттегі Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион (20 000 орын).
Жаңа 35 мың орындық стадион іске қосылған соң, ол Қазақстан тарихындағы ең үлкен футбол аренасы атанбақ.