
Милад Карими, Нариман Құрбанов және Зейнолла Ыдырысов ел намысын шешуші кезеңде қорғайды.
Джакартада (Индонезия) өтіп жатқан спорттық гимнастикадан әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары үздік нәтиже көрсетіп, финалдық кезеңге жолдама алды. Олар – Милад Карими, Нариман Құрбанов және Зейнолла Ыдырысов.
Қазақстан командасының көшбасшысы, тәжірибелі гимнастшы Милад Карими іріктеу кезеңінде жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Карими бұған дейін бірнеше әлемдік додаларда финалға шығып, ел намысын лайықты қорғаған спортшы. Оның тәжірибесі бұл жолы да шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов өзіне тән шеберлігімен тағы да көзге түсті. Ат снарядындағы жаттығуда қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, ең жоғары нәтиже – 14.700 ұпай жинап, іріктеуде бірінші орын алды.
Бұл нәтиже Нариманның финалда да басты фавориттердің бірі болатынын көрсетеді.
Қазақстан құрамасының тағы бір мүшесі Зейнолла Ыдырысов та ат снарядында сәтті өнер көрсетіп, 14.300 ұпаймен финалға өтті.
Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасының басқа мүшелері атап айтқанда, Диас Тойшыбек, Дмитрий Потанин және Ілияс Әзізов финалға өте алмады.