Ягыз Каан Эрдогмуш әлемдік шахмат тарихына енді. Ол FIDE рейтингі бойынша ТОП-50 қатарына енетін ең жас гроссмейстер атанып, бұрын бұл көрсеткішке иелік еткен норвегиялық әлем чемпионы Магнус Карлсеннің рекордын жаңартты.
Бұл тарихи нәтижеге Эрдогмуш Clash of Generations (Буындар шайқысы) атты турнирде жетті. Жас түрік шебері қазір FIDE рейтингінде 15-орында тұрған тәжірибелі француз гроссмейстері Максим Вашье-Лагравты жеңіп, басты сенсациялардың бірін жасады.
Осы турнирден кейін Ягыз Каан Эрдогмуштың рейтингі 2669 Elo көрсеткішіне дейін өсіп, FIDE жаңартылған тізімінде әлемнің үздік 50 шахматшысы қатарына кірді.
Қазір Ягыз Каан Эрдогмуштың жасы – 14 жас 6 ай. Осыған дейін FIDE рейтингінің ТОП-50 қатарына енген ең жас шахматшы ретінде Магнус Карлсен танылып келген. Норвегиялық шахмат королі бұл межеге 15 жас 7 айында жеткен еді.
Тағы бір маңызды жайт – Эрдогмуш бар болғаны төрт ай бұрын FIDE рейтингінің ТОП-100 қатарына кірген. Бар-жоғы бірнеше айдың ішінде ол шахмат элитасына еніп, Карлсеннің рекордын жаңартатын деңгейге көтерілді.
Бұл – қазіргі әлемдік шахматтың қатты «жасарып» келе жатқанын көрсететін айқын мысалдардың бірі.
Жас жұлдыздардың жарқырауы тек Эрдогмушпен шектелмейді. Қараша айының соңында 19 жастағы өзбек гроссмейстері Жавохир Синдаров та тарихты қайта жазды – ол шахматтан Дүниежүзілік Кубоктың ең жас чемпионы атанды.
Осылайша Ягыз Каан Эрдогмуш пен Жавоҳир Синдаров сынды жас дарындар әлемдік шахматтың жаңа дәуірі басталғанын көрсетіп отыр. Ал Магнус Карлсен орнатқан рекордтардың өзі де қазір өскелең буын үшін жетер межеден гөрі, жаңартылар белеске айналып барады.