Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы жаңа футбол стадионының бастапқы жобасына өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді. Жаңартылған арена «Қайрат» клубының басты үй алаңына айналады.
Бұған дейін Алматы әкімдігі жаңа стадионның сыйымдылығы 35 мың көрермен болады деп хабарлаған. Алайда мегаполис тұрғындары мен спорт сарапшылары бұл көрсеткіш Алматы сияқты қала үшін жеткіліксіз екенін бірнеше рет көтерген.
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXXIX сессиясында Дархан Сатыбалды көпшіліктің пікірінен кейін жобаға түзету енгізу мәселесі қаралып жатқанын айтты. Енді жаңа стадионның сыйымдылығын 45 мың орынға дейін арттыру мүмкіндігі талқылануда.
Әкімнің айтуынша, бұл нысан Алматыдағы ғана емес, елдегі ең ірі футбол аренасы болуы тиіс.
Ресми мәліметке сәйкес, жаңа стадионның құрылысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның толық техникалық және сәулеттік параметрлері пысықталып жатыр, ал орын санының көбеюі соған сай қайта есептелмек.
Жаңа арена іске қосылғаннан кейін «Қайрат» өз матчтарын дәл осы стадионда өткізіп, халықаралық деңгейдегі ойындарды да қабылдай алады деген үміт бар.
Қазір Қазақстандағы ең үлкен футбол стадионы – елордадағы «Астана Арена», оның сыйымдылығы 30 200 көрермен.
Сонымен қатар бұған дейін Ақтөбеде 35 мың жанкүйерге арналған жаңа стадион салынатыны туралы хабарланған. Егер Алматыдағы жоба 45 мың орынға дейін кеңейсе, ол елдегі рекордтық сыйымдылыққа ие футбол аренасы атанбақ.