Еуропалық мемлекет осындай шешімге келді.
Германияда Олимпиада және Паралимпиада жүлдегерлеріне берілетін ақшалай сыйақылар енді салыққа жатпайды. Ел парламентінің жоғарғы палатасы тиісті өзгерістерді көздейтін жаңа салық заңын бекітті.
Жаңа ережеге сәйкес, неміс спортшылары 2026 жылы Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін Қысқы Олимпиада ойындарында (6–22 ақпан) және Паралимпиадада (6–15 наурыз) жеңіп алған жүлделік сыйақыларынан салық төлемейді. Бұған дейін кейбір атлеттер жүлде қаржысының жартысынан көбін мемлекетке салық ретінде аударуға мәжбүр болған.
Сонымен қатар Германияда спортшыларға берілетін сыйақы көлемі де ұлғайтылды. Енді алтын медаль иегерлері 30 мың еуро (шамамен 17 млн теңге), күміс жүлде алғандар 20 мың еуро (11 млн теңге) алады. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 5 мың еуроға артық. Қола медаль үшін төленетін сыйақы өзгеріссіз қалып, 10 мың еуроны құрайды.
Алайда төртінші мен сегізінші орын алған спортшыларға ақшалай бонус қарастырылмайды. Оның орнына олар Германияның спортты қолдау қоры арқылы өзге қаржылай көмек түрлерін алу мүмкіндігіне ие болады.