13,3 млрд теңгенің есебі қайда? Депутат Спорт министрлігін сынға алды

Сарапшы, спорт журналисі

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауовтың айтуынша, жауапты министрлік бір медальді қанағат қылып отыр. 

13,3 млрд теңгенің есебі қайда? Депутат Спорт министрлігін сынға алды
olympic.kz

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасының дайындық барысына қатысты өткір мәлімдеме жасады. Ол бюджеттен бөлінген қаражаттың әр теңгесіне ашық есеп беруді талап етті.

Депутаттың айтуынша, Олимпиадаға дайындыққа 13,3 миллиард теңге бөлінгенімен, оның қалай және қай бағытта игерілгені жөнінде қоғамға ашық әрі түсінікті ақпарат берілмеген. 

«Италияда өтетін ақ Олимпиададан нақты қандай нәтиже күтеміз? Спортшылардың дайындығы тиісті деңгейде ме? Спорт және денешынықтыру істері комитетінің ресми сайтында мемлекеттік тілде мардымды ақпарат жоқ. Бюджеттің орындалуы туралы ақпараттар 2022 жылдан бері жаңартылмаған. Сонда қазына қаржысының қалай игерілгенін қайдан білеміз? Дайындыққа деп бөлінген 13,3 млрд теңгенің есебі неге жарияланбайды?» — деп жазды Қасқарауов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Депутат жауапты ведомствоның жұмысына да күмән келтірді. Оның сөзінше, ресми органдар бір ғана медальмен шектелуге дайын секілді әсер қалдырады.

«Нақты нәтиже көрсету үшін төрт жыл жеткілікті. Алайда біз әлі күнге дейін әлсіз және мықты тұстарымызды айқындап, жүйелі жұмыс жүргізе алмай келеміз. Жауапты министрлік бір медальді қанағат қылып отыр. Сонда бір жүлденің құны 13 млрд теңгеге бағаланғаны ма?» — деп мәселе көтерді депутат.

Алматы облысындағы «Қысқы спорт түрлерінен республикалық Алатау жоғары спорт шеберлігі мектебі» үш жылдан бері жабық тұр. Мәжіліс депутаты осы мәселеге де тоқталады. 

«2022 – 2023 жылдары бұл мектептің күрделі жөндеуіне деп бюджеттен 3 млрд теңгеден астам ақша бөлінген. Бірақ мектеп әлі жұмыс істемейді. Есесіне сол толыққанды іске қосылмаған кәсіпорынға жыл сайын 1 млрд.теңгеден астам қаржы беріліп отыр? Не үшін?»

Айта кетейік, төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың додасы таяған тұста кімнің ту ұстап шығатыны әзірге белгісіз. Ал ақ Олимпиада ақпанның 6-сы күні басталады. 

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір