400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Азия чемпионы Аделина Земс Ташкентте өткен халықаралық старттардан кейін уәде етілген жүлдеақы бірнеше ай бойы төленбей тұрғанын мәлімдеді.
Спортшының сөзінше, әңгіме Өзбекстан жеңіл атлетика федерациясы ұйымдастырған екі турнир туралы болып отыр. Arzumanov Memorial (Ташкент, 21–22 маусым) – жеңісі үшін шамамен 250 мың теңге (500 доллар) төленуі тиіс болған. Бұл турнирде жеңімпазға 500 доллар сыйақы қарастырылғаны да жазылған.
Road to Tokyo (Ташкент, 16–17 тамыз) – қатысуына байланысты шамамен 500 мың теңге (1000 доллар) уәде етілген.
Жалпы есепте Аделинаға 1500 доллар көлемінде төлем қарыз екені айтылды.
Земстің айтуынша, төлемдердің кешігуіне ұйымдастыру жағындағы тұрақсыздық әсер етіп отыр. Басшылық жиі ауысады, соның салдарынан төлем жүйесінде “ақау” бар. Ол мәселе тек қазақстандықтарға емес, өзбекстандық спортшыларға да қатысты екенін жеткізді.
Спортшы өзге федерацияларда да кешігулер болатынын, бірақ әдетте нақты мерзім айтылатынын және соңында ақша түсетінін атап өтті. Еуропада оның сөзінше, жүлдеақы көбіне бір айдың ішінде аударылады.
Аделина кейбір әріптестерінің Ташкенттегі жарыстар үшін жүлдеақыны былтыр ғана емес, одан бұрынғы маусымда да ала алмағанын айтты.
Земс бұл жағдайдың Қазақстан мен Өзбекстан жеңіл атлетика федерациялары арасында кикілжің туғызғанын қаламайтынын да ашық жеткізді. Өзбекстанға жиі баруды ұнататынын, адамдарын, мәдениетін құрметтейтінін, бірақ спортшылар алдындағы қаржылық міндеттемелер міндетті түрде орындалуы тиіс екенін айтты.