Шаңына да жетпейді. Михаил Шайдоровтың қарсыластары қанша сыйақы алды?

Сарапшы, спорт журналисі

Санкт-Петербург үкіметі Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен ХХV қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларға төленетін сыйақы көлемін бекітті.

Шаңына да жетпейді. Михаил Шайдоровтың қарсыластары қанша сыйақы алды?
Фото: Olympics.com

Жарыстың қорытынды хаттамасында алтыншы орын алған спортшыларға шамамен 2,2 млн теңге төленеді. Ал жүлделі алтылыққа кірмеген, бірақ Олимпиадаға қатысқан спортшылар шамамен 367 мың теңге алады. Тиісті төлемдер спортшылардың жаттықтырушыларына да беріледі, ал олардың көмекшілері бұл соманың жартысын алады делінген.

Қаражатты аударуды Санкт-Петербургтің дене шынықтыру және спорт жөніндегі комитеті жүзеге асырады.Төлемдер 2026 жылғы соңына дейін жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Аталған Олимпиадада Ресейдің мәдени астанасы атынан екі спортшы өнер көрсетті. Қала бюджетінен спортшыларға бөлінетін жалпы сыйақы көлемі шамамен 2,5 млн теңгеге тең.

Шайдоров қандай сыйлыққа ие болды?

Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. Бұл еліміздің көк туы 32 жылдан кейін қысқы Олимпиада ойындарында желбіреп, гимн шырқалған сәтке айналды. Мәнерлеп сырғанаушы мемлекеттен 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Сонымен қатар Шайдоровқа Алматы әкімдігі үш бөлмелі пәтер, автокөлік және ақшалай сертификат табыстады. Әнші Димаш Құдайберген де чемпионға автокөлік тарту еткен.

Илья Малининнің жаңа атағы

Сондай-ақ америкалық мәнерлеп сырғанаушы Илья Малинин Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша Fair Play сыйлығын иеленіп, жарыста спорттық рух танытқаны үшін марапатталды. Олимпиаданың ресми сайтының мәліметінше, Малинин жеке сайыста жүлдегерлер қатарына енбей қалғанына қарамастан өзінің көңіліндегі ренішін ысырып қойып, қазақстандық спортшыны құттықтауға барған.

"Мен Михаилды тек нәтижеге байланысты емес, спортшы ретінде ортақ жолымыз үшін құттықтадым. Мен үшін ең бастысы бұл сәтті бүкіл әлемдегі жанкүйерлердің менімен бөліскені",- деді Малинин Халықаралық олимпиадалық комитетке  берген сұхбатында.

Жүлдеге түсініктеме бере отырып, ХОК президенті Кирсти Ковентри спортшының әрекеті барлығына кемелдік тұғырдағы орынмен ғана емес, сонымен қатар ең қиын сәттерде қарсыластарға деген құрметпен өлшенетінін еске салғанын атап өтті. Айта кетейік, 21 жастағы екі дүркін әлем чемпионы Илья Малинин Олимпиаданың басты фавориттерінің бірі саналған. Ол қысқа бағдарламадан кейін көш бастап тұрғанымен, еркін бағдарламада бірнеше қателік жіберіп, нәтижесінде сегізінші орынмен шектелді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір