Жансая Әбдумәлік Бибісара Асаубаеваны сотқа беруге дайын
Қазақстан шахматындағы ұзаққа созылған жанжал жаңа деңгейге өтуі мүмкін.
Қазақстандық танымал шахматшы Жансая Әбдумәлік блиц бойынша үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаевамен арадағы дауға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, алдағы уақытта тағы да келіспеушілік туындаса, мәселені сот арқылы шешуге дайын. Бұл туралы Қанат Бейсекеевтің youtube-арнасында хабарланды.
"Сотқа дейін барамыз"
Жансая Әбдумәлік соңғы сұхбаттарының бірінде бұған дейін көп нәрсені ашық айтпағанын, алайда енді жағдай қайталанса, заңды жолға жүгінетінін жеткізді.
"Кикілжің туындаған кезде біраз нәрсені айтпадым, бірақ айтатын дүнием өте көп. Егер болашақта тағы да сондай жағдайлар қайталанса, менің адвокаттар тобым бар – біз сотқа барамыз. Себебі ол мен туралы үнемі жалған ақпарат айтады", – деді шахматшы.
Жансая Әбдумәлік бұл жағдайдың ұзаққа созылып кеткенін атап өтті:
"Мен шахматта жүргеніме үш жыл болған жоқ, бірақ әлі күнге дейін түрлі әңгімелер шыға береді. Бұл енді күлкілі, тіпті бір тәуелділік сияқты", – деп қосты ол.
Екі шахматшы арасындағы текетірес бірнеше жыл бұрын басталды. 2021 жыл – ФИДЕ Әлем кубогында Асаубаева тай-брейкте Әбдумәлікті жеңді. Ал 2022 жылы Асаубаеваның федерацияға қатысты мәлімдемелерінен кейін ашық жанжал туындады. 2023 жылы Нью-Делидегі Гран-при кезеңінде жаңа дау өршіді.