Ironman жарысында триатлоншы қайтыс болды
Бразилиялық триатлоншы Мара Флавия Араужо АҚШ-та өткен Ironman турнирі кезінде көз жұмды.
Спортшы 3,8 шақырымдық кезеңде жоғалып кеткен
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, оқиға Техас штатындағы Вудлендс көлінде болған. 38 жастағы спортшы 3,8 шақырымдық жүзу кезеңіне қатысқан.
Алдын ала ақпарат бойынша Араужо жергілікті уақытпен шамамен таңғы 7:30-да көзден таса болған. Оқиға орнына жедел жеткен құтқару қызметі спортшының денесін үш метр тереңдіктен тапқан.
Жарыс ұйымдастырушылары спортшының отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Ресми мәлімдемеде:
“Спортшының отбасы мен достарына қайғырып көңіл айтамыз және осы қиын сәтте қолдау білдіреміз. Сондай-ақ жедел қызмет мамандарына көрсеткен көмегі үшін алғыс айтамыз”, – делінген.
Мара Флавия Араужо кім еді?
Мара Флавия Араужо триатлонмен 2019 жылдан бері айналысқан. Ол Бразилиядағы жарыстарда жүлдегер атанып, GP Brasil кезеңдерінде екі мәрте жеңіске жеткен.
Сонымен қатар спортшы Ironman 70.3 әлем чемпионатына да қатысқан.