Бибісара Асаубаева Norway Chess-2026 турнирінің марапатын алды (ВИДЕО)
Қазақстандық шахматшы әлемдегі ең беделді шахмат додаларының бірі - Norway Chess-2026 турнирінің марапаттау рәсіміне қатысты.
Жеңімпаздар қатарында сахнаға шықты
Norway Chess турнирінің баспасөз қызметі Instagram парақшасында жеңімпаздарды марапаттау сәтінен видео жариялады. Кадрларда әйелдер арасындағы жарыс жеңімпазы Бибісара Асаубаева мен ерлер турнирінде топ жарған үндістандық гроссмейстер Прагнанандха Рамешбабу өздеріне табысталған мүсіншелерді көрсетіп тұрғаны көрінеді.
Бұл марапат қазақстандық шахматшы үшін тарихи жетістік саналады. Себебі Бибісара Асаубаева Norway Chess Women турнирінде жеңіске жеткен Қазақстанның алғашқы өкілі.
Турнир қалай өтті?
Norway Chess Women 2026 турнирі Ослода 25 мамырда басталып, 5 маусым күні мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша Бибісара Асаубаева 30 мүмкін ұпайдың 16,5 ұпайын жинап, бірінші орынға ие болды. Классикалық бағдарлама аясында қазақстандық шахматшы 10 партия өткізді. Оның нәтижесі мынадай болды:
- 3 жеңіс;
- 1 жеңіліс;
- 6 тең нәтиже.
Асаубаева үшін турнирдегі ең маңызды сәт 9-турда тіркелді. Қазақстандық шахматшы украиналық Анна Музычукпен тең ойнап, осы нәтиженің арқасында Norway Chess Women 2026 турниріндегі жеңісін мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.