"Жеңіске жетуге кедергі келтірді". Бибісара Асаубаева Федерацияға айып тақты
Жуырда отандасымыз Norway Chess Women-2026 турнирінің жеңімпазы атанған болатын.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women-2026 турниріндегі жеңісінен кейін күтпеген мәлімдеме жасады. Ол жарыс барысында Федерацияның кейбір қызметкерлері өзіне психологиялық қысым көрсетіп, турнирде жеңіске жетуіне кедергі келтірмек болғанын айтты. Бұл туралы Асаубаева турнирдің баспасөз қызметіне берген пікірінде және әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді.
"Жүйкемді жұқартты"
Бибісара Асаубаеваның айтуынша, турнир барысында оған сырттан қысым жасалған. Шахматшы мұны өзіне әдейі кедергі келтіру әрекеті ретінде қабылдағанын жеткізді.
"Әрине, бәрі жақсы, бәрі керемет. Бірақ білесіздер ме, турнирдің көп бөлігінде Федерацияның кейбір қызметкерлері маған кедергі келтіруге тырысты. Нақты айтқанда, жүйкемді жұқартты — мұндай сөз үшін кешірім сұраймын. Мен мұны басқаша түсіндіре алмаймын", — деді Асаубаева.
Қазақстандық шахматшы бұл жағдайдан кейін өзіне маңызды қорытынды жасағанын айтты.
"Мен қандай қорытынды жасадым? Осындай жағдайларға қарамастан, өз мақсатыңа қарай жүруді жалғастыру керек. Ал мұндай адамдарды өміріңнен сызып тастау қажет. Мен солай істедім. Сондықтан кейбір "жанашырлар", былайша айтқанда, тырнақша ішіндегі қызметкерлер бұғатталды. Содан кейін мен бірнеше партияны қатарынан жеңіп, турнирді де ұттым", — деді ол.
Айта кетейік, жуырда Бибісара Асаубаева Norway Chess Women-2026 турнирінің соңғы, 10-турында Қытайдың әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньнен жеңіліп қалды. Алайда бұл нәтиже оның жалпы турнирлік жағдайына әсер еткен жоқ.
Қазақстандық шахматшы бұған дейін-ақ жарыстың жеңімпазы атанып үлгерген еді. Ол тоғызыншы турда украиналық Анна Музычукпен тең ойнағаннан кейін бірінші орынды мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Бибісара Асаубаева 16,5 ұпай жинады.