Бибісара Асаубаева әлемдік додада бәрін таңғалдырды (ВИДЕО)
Қазақстандық шахматшы Norway Chess беделді турнирінде мерзімінен бұрын жеңімпаз атанды.
Асаубаева тоғызыншы турда украиналық Анна Музычукпен кездескен. Негізгі партия тең нәтижемен аяқталды. Кейін қарсыластар армагеддонда мықтыны анықтағанымен қазақстандық шахматшыға жинаған ұпайы турнирдегі бірінші орынды алдын ала қамтамасыз етуге жеткілікті болды.
Соңғы тур қарсаңында Бибісара жалпы есепте 16,5 ұпаймен жеке-дара көш бастап тұр. Оның басты қарсыласы Музычуктың еншісінде 11,5 ұпай. Ал үндістандық Дивья Дешмух пен қытайлық Чжу Цзиньэр 10 ұпайдан жинаған.
Осылайша жарыстың соңғы турындағы нәтижеге қарамастан қарсыластары Асаубаеваны қуып жете алмайды. Қазақстандық шахматшы әлемдегі ең беделді шахмат додаларының бірінде мерзімінен бұрын чемпион атанды.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева қорытынды турда тақтаға турнир жеңімпазы мәртебесінде отырады.