"Астана" бас бапкер мен бірқатар ойыншылармен қоштасты
"Астана" БК жаңа маусым алдындағы құрам өзгерістерін жариялады.
Клубтан кімдер кетті?
Елордалық ұжымның ресми мәліметіне сәйкес, “Астанадан” бас бапкер Дэйнюс Шаленга және бірнеше баскетболшы кеткен.
Командамен қош айтысқан ойыншылар қатарында:
- Адас Юшкявичюс;
- Эрик Дэй;
- Мұхамедәлі Сайранов;
- Валерий Симонов;
- Александр Оразбеков;
- Әлижан Ыдырысжан;
- Әсет Амангелдинов бар.
“Астана” клубы алғыс білдірді
Клуб баспасөз қызметі командадан кеткен маман мен ойыншыларға кәсібилігі, еңбегі және клуб нәтижесіне қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
“Бүгін біз баскетбол клубының бір бөлігі болған ойыншылар мен бапкерге алғыс айтып, қоштасамыз. Бірге жарқын жеңістерді, қиын сынақтарды және “Астана” тарихында қалатын маңызды сәттерді бастан өткердік”, — делінген клуб хабарламасында.
Сондай-ақ елордалық клуб кеткен маман мен баскетболшыларға алдағы мансабында табыс, жаңа жетістіктер және сәттілік тіледі.
Айта кетейік, “Астана” 2025/2026 маусымында Ұлттық лиганың финалына дейін жеткен. Шешуші серияда елордалық команда “Каспийге” қарсы тартысты ойын көрсеткенімен жалпы есепте 2:3 нәтижесімен есе жіберді.
Осылайша “Астана” Қазақстан чемпионатын күміс жүлдемен аяқтады.