Михаил Шайдоров жалақы дауынан кейін жас спортшыларға 6 млн теңге табыстады
Михаил Шайдоров Алматыдағы №3 кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барып, мәнерлеп сырғанаумен айналысатын жас спортшылармен жүздесті.
Балаларды қорғау күніне арналған шара
Шайдоров балаларға спорттық құрал-жабдықтар алуға арналған сертификаттар табыстады. Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
“Бүгін Алматы қаласындағы №3 КБЖСМ-де мәнерлеп сырғанаумен айналысатын балалармен кездестім. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай оларға шағын сыйлық — спорттық инвентарь алуға арналған сертификаттар табыстадым”, — деді Михаил Шайдоров.
Шайдоров қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс айтты
Жарияланымында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы өзіне қолдау көрсеткен көпшілікке алғыс білдірді. Бұл сөздердің жақында спортшы мен отандық спорт шенеуніктері арасында туындаған жалақы мәселесіне байланысты қоғамдық қолдауға қатысты айтылғаны аңғарылады.
Михаил Шайдоров бұған дейін Олимпиададағы жеңісінен кейін жалақы төлеу мәселесінде қиындық туындағанын мәлімдеген. Осы жағдай спорт қоғамдастығында үлкен талқылауға себеп болды.
“Қолдау білдіргендеріңіз үшін бәріңізге рахмет! Балаларға жақсы көңіл-күй сыйлап, өз күшіне сенім ұялата алғаныма өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да еліміздегі балалар спортына, әсіресе біздің тамаша спорт түрімізбен айналысатын жас спортшыларға қолдау көрсетуді жалғастырамын”, — деп жазды Шайдоров.
Жалақыға қатысты дау қалай басталды?
Өткен аптада мәнерлеп сырғанаудан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров Миландағы тарихи жеңісінен кейін жалақы алуды тоқтатқанын мәлімдеді.
Осыдан кейін Қазақстан құрамасының фристайл-могулдан бас бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Елена Круглыхина Instagram желісінде Шайдоровты сынға алып, “Миша, сен шектен шықтың” деген пікір білдірді. Кейін мәнерлеп сырғанаушы мен Спорт министрлігі арасындағы жағдайға қатысты тағы бір жазба жариялады.
Министрлік жаңа келісімшарт туралы мәлімдеді
1 маусым күні ҚР спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Михаил Шайдоровпен жаңа келісімшартқа қол қойылғанын хабарлады.
Осы оқиғалардан кейін Шайдоровтың жас спортшыларға қолдау көрсетуі жанкүйерлер тарапынан жылы қабылданды. Спортшының айтуынша, ол балалар спортына назар аударуды әрі қарай да жалғастырмақ.