Танымал спортшы жол апатынан қаза тапты
"Уақыт әміршісі" деген лақап атпен белгілі мексикалық рестлер Темпо жекпе-жекке бара жатқан жолда көз жұмды.
Мексикалық рестлер шоуға жете алмады
Марқұм спортшының шын есімі — кіші Тони Сирио. Ол 29 жаста болған. Қайғылы оқиға Мехикода болған.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, Темпо мотоциклмен Мехиконың шығыс бөлігіндегі Истакалько ауданынан өтіп бара жатқан. Сол сәтте оның мотоциклі қиылыстардың бірінде жүк көлігімен соқтығысқан.
Қатты соққыдан кейін рестлер ауыр жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды. Кейін тәртіп сақшылары оның заттарының арасынан кәсіби рестлингке арналған экипировка тапқан. Осыдан кейін қаза тапқан адамның жеке тұлғасы анықталды.
Темпо басты жекпе-жекке қатысуы керек еді
Ақпаратқа қарағанда, рестлер Мексика электршілері кәсіподағының спорт залында өтетін рестлинг шоуына бара жатқан. Ол сол кештің басты айқастарының біріне қатысуы тиіс болған.
Қайғылы жағдайға дейін Темпо әлеуметтік желіде іс-шараға бара жатқан сәтінен видео жариялағаны айтылады. Бұл кадрлар кейін жанкүйерлер арасында ерекше әсер қалдырды.
Апаттың себебі тексеріліп жатыр
Қазір жол апатының нақты мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті БАҚ-та соқтығысқа дейін басқа жүргізушімен жол үстінде жанжал болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Бірақ бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ. Тергеу органдары оқиғаның барлық себебін анықтау үшін тексеріс жүргізіп жатыр.
Рестлинг қауымдастығы қара жамылды
Темпоның қазасы Мексикадағы рестлинг қауымдастығын есеңгіретіп тастады. Оның әріптестері мен жанкүйерлері әлеуметтік желіде спортшының отбасына көңіл айтып, қолдау білдірді.
Көпшілік Темпоны елдегі ең болашағы зор жас рестлерлердің бірі деп бағалаған. Ол қысқа уақыт ішінде жанкүйерлердің ықыласына бөленіп, мексикалық рестлинг сахнасында өз орнын қалыптастыра бастаған еді.