Бибісара Асаубаева турнирдегі жеңісіне бір қадам жақындады (ВИДЕО)

Спорт шолушысы

Қазақстандық шахматшы беделді Norway Chess Women турнирінің сегізінші турында маңызды жеңіске жетті.

Бибісара Асаубаева турнирдегі жеңісіне бір қадам жақындады (ВИДЕО)
instagram/@norway_chess

Қарсыластарынан ұзап кетті

Бұл жолы Асаубаева қара фигуралармен ойнап, үндістандық Дивья Дешмухты ұтты. Осы нәтижеден кейін қазақстандық шахматшы 15,5 ұпай жинап, турнир кестесіндегі бірінші орнын сенімді түрде сақтап қалды.

Жарыстың аяқталуына екі тур қалғанда Асаубаева өкшелеп келе жақын Анна Музычуктен бес ұпайға алда келеді. Үшінші сатыға Дивья Дешмух жайғасты. Ол 10 ұпай жинаған. Дәл осындай көрсеткіш қытайлық Чжу Цзиньэрде де бар. Ал үздік алтылықты қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь мен үндістандық Хампи Конеру түйіндеп тұр. Цзюй Вэньцзюнь 9 ұпай, ал Хампи Конеру 8 ұпай еншіледі.

Тоғызыншы турда шешуші кездесу өтеді

Келесі тоғызыншы турда Бибісара Асаубаева басты қарсыластарының бірі Анна Музычукпен кездеседі. Бұл партия турнирдің жалпы қорытындысына тікелей әсер етуі мүмкін.

Егер қазақстандық шахматшы осы ойында да сәтті нәтиже көрсетсе, Norway Chess Women турниріндегі жеңіске бір табан жақындай түседі.