"100 миллион теңге": Министрлік Асаубаеваға бөлінген қаржыны ашық айтты
ҚР Туризм және спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның Президентке жасаған үндеуіне қатысты пікір білдірді.
Асаубаеваға қанша қаржы бөлінді?
Вице-министр Серік Жарасбаевтың айтуынша, Спортты және туризмді қолдау қоры арқылы Асаубаеваның халықаралық турнирлерге дайындық жобасына 2024 жылы 64 миллион теңге бөлінген.
2025 жылы бұл сома 79 миллион теңгеге дейін артқан. Ал 2026 жылы қаржыландыру көлемі 100 миллион теңгеге жеткен.
"Динамика бар екенін көріп отырмыз. Сонымен қатар Федерация тарапынан да осындай өсім байқалады. Мұның бәрі танымал шахматшымыз Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстарға толыққанды дайындалып, жоғары деңгейде өнер көрсетуіне бағытталған", — деді Серік Жарасбаев.
Министрлік спортшының нәтижесін жоғары бағалады
Жарасбаевтың сөзінше, Бибісара Асаубаева өзіне артылған сенімді нәтижесімен дәлелдеп келеді. Ол Қазақстан тарихында үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы.
Сондай-ақ вице-министр спортшының жетістігі мемлекеттік деңгейде де бағаланғанын атап өтті. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойған.
Шахматты дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр
Министрлік өкілі елдегі шахматтың дамуына да тоқталды. Оның айтуынша, Президент тапсырмасымен шахматты дамытуға арналған арнайы тұжырымдама әзірленген.
Бұл құжатта республика бойынша шахматты қолдау тетіктері, нақты көрсеткіштер мен даму бағыттары қарастырылған.
Серік Жарасбаев Қазақстан шахматының табысы тек Бибісара Асаубаеваның жетістігімен шектелмейтінін айтты. Мысал ретінде ол былтыр жастар арасында әлем чемпионы атанған Қазбек Нөгербекті атап өтті.
Вице-министрдің сөзінше, бұл — Дәрмен Сәдуақасовтың тарихи жетістігінен кейін шамамен 20 жылға жуық уақыт ішінде ерлер арасындағы алғашқы үлкен нәтиженің бірі.
Тимур Турловтың үлесі де айтылды
Жарасбаев Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың да бұл спорт түрін дамытуға қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде әр өңірде балаларға арналған жаңа шахмат секциялары ашылып жатыр. Бұл интеллектуалды спорттың жас буын арасында кеңінен танылуына ықпал етуде.
Сонымен қатар өткен аптада министрлік өкілдері белгілі қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова ұйымдастырған турнирге қатысқан. Ведомство бұл жарысқа да қолдау көрсеткен.
Еске салайық, Бибісара Асаубаева бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, халықаралық жарыстарға дайындық барысында қаржыландыру мәселесі туындағанын айтқан.