Қазақстан құрамасының ойыншысы Франция чемпионатының топ-клубына ауысты

Бокс шолушысы

Отандық үстел теннисінің жас жұлдызы Алан Құрманғалиев мансабындағы маңызды қадам жасады.

Қазақстан құрамасының ойыншысы Франция чемпионатының топ-клубына ауысты
olympic.kz

"Аннебон" клубында ойнайды

Үстел теннисінен ұлттық құрама ойыншысы Алан Құрманғалиев Францияның беделді клубтарының бірі саналатын "Аннебон" сапына қосылды.

Қазақстан үстел теннисі федерациясының мәліметінше, тараптар арасындағы келісім бір жылға жасалған. Жаңа маусым қыркүйек айының ортасында басталады. Сол кезде қазақстандық спортшы франциялық клубындағы алғашқы кездесуін өткізуі мүмкін.

Келіссөздер ұзаққа созылмаған

Алан Құрманғалиевтің айтуынша, клубпен келісімге келу процесі көп уақыт алмаған. Франциялық тарап қазақстандық ойыншыға нақты қызығушылық танытқан.

"Келіссөздер ұзаққа созылды деп айта алмаймын. Бұл процесс шамамен бір аптадан сәл ғана көп уақыт алды. Клуб тарапынан қызығушылық болды, сондықтан барлық мәселені тез талқылап, ортақ шешімге келдік", — деді Құрманғалиев.

"Аннебон" қандай клуб?

"Аннебон" Франция чемпионатының про-лигасындағы элиталық дивизионда өнер көрсетеді. Клуб ел ішіндегі ең табысты командалардың бірі саналады.

Команда бұған дейін:

  • Франция чемпионатын 5 рет жеңген;
  • ETTU Cup Еуропа кубогын 2 мәрте иеленген.

Алан небәрі 19 жаста болса да, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарып үлгерген. Сондай-ақ ол бірнеше беделді кәсіби турнирде жүлдегер атанған.

Жас спортшы қазіргі таңда Қазақстан құрамасының негізгі ойыншыларының бірі ретінде саналады.

Қазақстан құрамасы тарихи нәтиже көрсетті

Айта кетейік, мамыр айында үстел теннисінен әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы алғаш рет 1/8 финалға дейін жетті.

Осы тарихи жетістіктің арқасында Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 18-орынға көтерілді.

Ұлттық құрама сапында Алан Құрманғалиевтен бөлек, Кирилл Герасименко да өнер көрсетеді. Ол Германияның "Вердер Бремен" клубының намысын қорғайды.