Тимур Турлов FIDE президенті қызметіне кандидатурасын ұсынды
Кәсіпкер бұл шешімін әлемдік шахматты дамытудың жаңа кезеңіне серпін беру ниетімен байланыстырды.
FIDE дамуына жаңа серпін
Тимур Турлов FIDE президенті сайлауына қатысатыны туралы Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары шахмат айтарлықтай дамып, әлемнің барлық құрлығында ойыншылар мен жанкүйерлер саны артқан. Әсіресе жастардың шахматқа қызығушылығы күшейіп, цифрлық платформалар зияткерлік ойынды бұрынғыдан да қолжетімді ете түсті.
Қазақстан шахмат федерациясының басшысы ғасырлық тарихы бар халықаралық ұйым қазір маңызды таңдау алдында тұрғанын атап өтті.
Тимур Турловтың пікірінше, бұған дейін атқарылған жұмыстарды тоқтатпай, керісінше шахматты дамыту қарқынын арттыру қажет.
"Өткен жолды тоқтатуға немесе жоққа шығаруға болмайды. Менің ойымша, даму үдерісін жеделдетіп, оған жаңа күш беруіміз керек. Осыған байланысты Халықаралық шахмат федерациясының президенті қызметіне кандидатура ұсыну туралы шешім қабылдадым", — деді Тимур Турлов.
Өзінің басқарушылық тәжірибесін атады
KazChess басшысы Қазақстанда бизнес жүргізіп келе жатқанына 15 жыл болғанын және осы уақыт ішінде ауқымды ұйымдарды басқару тәжірибесін жинағанын жеткізді.
Ол Қазақстан шахмат федерациясын 2023 жылдан бері басқарып келеді.
Тимур Турловтың сөзінше, осы кезеңде Қазақстанда ерлер арасындағы әлем чемпионы атағы үшін матч, рапид пен блицтен командалық әлем чемпионаты ұйымдастырылды.
"2023 жылы Қазақстан шахмат федерациясын басқардым. Осы уақыт ішінде ерлер арасындағы әлем чемпионы атағы үшін матч пен рапид және блицтен командалық әлем чемпионатын өткіздік. Бір айдан кейін Алматы университет командалары арасындағы әлем чемпионатын қабылдайды", — деп жазды ол.
Халықаралық шахмат федерациясы президентінің сайлауы қыркүйек айында өтеді.
Дауыс беру Өзбекстанның Самарқанд қаласында ұйымдастырылатын FIDE конгресі аясында өтеді деп жоспарланып отыр.