"Астана" шабандозы Испаниядағы веложарыста топ жарды
XDS Astana Team командасының уругвайлық велошабандозы Гильермо Томас Сильва Испанияда "Классика Ордиция" біркүндік жарысының жеңімпазы атанды.
Сильва қарсыластарын шаң қаптырып кетті
Испанияның Ордиция қаласында дәстүрлі "Классика Ордиция" веложарысының 103-басылымы өтті. Жарыс бағыты осы қаладан басталып, қайтадан Ордицияда мәресіне жетті.
Қатысушылар жалпы ұзындығы 167 шақырым болатын күрделі қашықтықты бағындырды.
XDS Astana Team сапында өнер көрсететін Гильермо Томас Сильва жарысты 3 сағат 54 минут 19 секундта аяқтап, бірінші орын иеленді.
Шешуші сәтте испаниялық қарсыласын басып озды
Жеңіс үшін тартыста уругвайлық велошабандоз UAE Team Emirates — XRG командасының өкілі Игор Арриетадан басым түсті. Екеуі де бірдей уақыт көрсеткенімен мәре сызығында Сильва шапшаң болды.
XDS Astana Team командасының италиялық шабандозы Кристиан Скарони жеңімпаздан төрт секундқа қалып, қола жүлдеге ие болды.
Төртінші орынды UAE Team Emirates — XRG сапындағы португалиялық Антониу Моргаду иеленді. Үздік бестікті Movistar Team командасының эритреялық шабандозы Натнаэль Тесфасион түйіндеді.