
"Қазгидромет" РМК 7 қазанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Күн райының бұзылуына орай Қазақстанның басым бөлігінде ескерту жарияланды
«Қазгидромет» мамандарының хабарлауынша, еліміздің бірнеше облысында тұман түсіп, жел күшейіп, үсік жүреді деп болжанып отыр. Кей аймақтарда жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Солтүстік және орталық өңірлерде:
Түнде және таңертең Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, сондай-ақ Қостанай облысының солтүстігінде тұман түседі. Қостанай облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде де түнгі және таңертеңгі уақытта тұман күтіледі.
Орталық аймақтарда:
Ұлытау облысының шығысында жоғары, ал оңтүстігінде төтенше өрт қаупі бар.
Шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде:
Жетісу облысында күндіз солтүстік-шығыстан жел соғып, Алакөл көлдері ауданында оның екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Түнде ауа температурасы 1–6 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді.
Алматы облысының таулы аудандарында да тұман түсіп, түнгі уақытта 1–6 градус суық болып, үсік күтіледі. Облыстың солтүстігінде төтенше өрт қаупі бар. Алматы мен Қонаев қалаларында 7 қазанда түнде 1–3 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал.
Батыс өңірлерде:
Маңғыстау облысының батысы мен солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі мен орталығында жоғары, ал солтүстік-батысы, оңтүстігі және оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі бар.
Ақтөбе облысында 7–9 қазан аралығында оңтүстік және солтүстікте жоғары, ал батыс, солтүстік-шығыс және орталық бөліктерінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде:
Қызылорда облысының орталығы мен шығысында күндіз шаңды дауыл тұрып, солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Облыс аумағында төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау облысының солтүстігі, оңтүстігі және шығысында төтенше, солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі бар.
Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман түсіп, солтүстік-шығыстан жел соғады (15–20 м/с дейін). Түнде өңірдің батысы, солтүстігі және оңтүстігінде үсік жүреді. Мұнда да төтенше және жоғары өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысында шығыстан соққан желдің жылдамдығы 15–20 м/с дейін жетеді, ал 7–8 қазан күндері облыстың солтүстігі, оңтүстігі, батысы мен шөлді аймақтарында төтенше өрт қаупі сақталады.