Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмоноваға қатысты жол-көлік оқиғасы бойынша негізгі сот талқылауы басталды.
Сот істі қарау тәртібін бекітіп, жәбірленушілерден жауап алуға кіріскен. Іс бойынша куәгерлердің жоқтығына байланысты, алғашқы болып онлайн форматта жәбірленушілер тыңдалды.
Байланысқа марқұм Зарина Алпысованың әкесі Асылбек Алпысов шықты. Ол прокурор сұрақтарына жауап бере отырып, оқиғаға дейін Рахмонованы жақын танымағанын, сондай-ақ оның қызының Рахмоновамен араласқанынан бейхабар болғанын айтқан.
Асылбек Алпысовтың айтуынша, қайғылы хабарды кешкі уақытта үйіне келген адамдар жеткізген. Олардың арасында Шавкаттың анасы мен Гүлайымның анасы болған.
Ол жақындары бастапқы күннен-ақ кешірім сұрағанын, отбасының кешіргенін жеткізді. Сондай-ақ бұл жағдайдың жол үстінде кез келген адамның басынан өтуі мүмкін екенін, екінші тараптың да ауыр қайғы көргенін атап өткен.
Екінші жәбірленушімен байланыс орнату мүмкін болмаған. Оның өкілі Мейірман Шекеев сенім білдірушісінің айыпталушыға қатысты ешқандай шағым-талапы жоқ екенін мәлімдеген.
Отырыста Гүлайым Рахмонованың қорғаушысы Бағлан Рсанұлы жол-көлік оқиғасы бойынша қорытынды әзірлеген сарапшыны шақыруды сұраған. Сот өтінішті қанағаттандырып, бұл қадам тараптарға маманға қосымша сұрақ қоюға мүмкіндік беріп, процесті жеделдетуі мүмкін екенін айтқан. Сонымен бірге іс бойынша жазбаша материалдарды зерттеу басталған.
Сот барысында Гүлайым Рахмонованың жүктіліктің жетінші айында екені және бесінші сәбиін күтіп жүргені хабарланды.
Аталған жол апаты салдарынан екі әйел қаза тапқан. Көлікте сондай-ақ Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен олардың ұлы болған.