Қазақстандық теннисші Зарина Диас әлеуметтік желідегі парақшасында туған еліне арналған әсерлі жазба жариялап, оқырманын елжіретті. Спортшы Instagram-да Алматыдағы демалысынан кадрлар бөлісіп, "үй" ұғымының өзі үшін нені білдіретінін ашып айтты.
Диастың жазуынша, ол әлемді жиі аралап, түрлі әсем мекендерді көреді. Бірақ қай жерде жүрсе де, туған жерге деген сағыныш басым.
“Мен әлемді көп аралаймын, әдемі жерлерді, жаңа қалаларды көремін. Бірақ қайда болсам да, үйімді сағынамын. Үй — әрдайым қайтып оралғың келетін орын. Тамырым осында, адамдарым осында, жүрегім осында. KZ”, — деп жазды Зарина жүрек эмодзиін қосып.
Қазір Зарина Диас WTA рейтингінде 293-орында тұр. Ал чемпиондық жарыста 240-сатыға жайғасқан. Соңғы жаңартудан кейін ол 10 орынға төмендегені көрсетілді.
2026 жылғы маусымда Диас Australian Open турнирінде бір матч өткізіп, алғашқы айналымда испаниялық Паула Бадосаға 2:6, 4:6 есебімен жол берген.