Қазақстанның атақты дзюдошысы, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов бұл жолы татамиде емес, футбол алаңында көзге түсті.
Қазақстандық спортшы медиа-футбол форматындағы жұлдыздар матчына қатысып, өзінің туған клубы — "Тараз" намысын қорғады.
Сметов ойнаған ұжымның қарсыласы Қазақстанның медиа футбол федерациясының командасы болды. Кездесудің нақты қорытынды есебі әзірге жарияланған жоқ. Алайда бейнежазбада Елдос Сметовтің матч барысында өте белсенді қимылдап, команда ойынына айтарлықтай үлес қосқаны анық байқалады. Ол бірнеше нәтижелі сәттің ортасынан табылған.
Елдос Сметов — Орталық Азия тарихында дзюдодан Олимпиада алтынын жеңіп алған тұңғыш әрі әзірге жалғыз спортшы. Оның спорттық қоржынында бұдан бөлек Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлделері де бар.
2024 жылы Парижде өткен Олимпиададан кейін Сметов ресми турнирлерде әлі белдескен жоқ. Дегенмен жанкүйерлер оның үлкен спортқа қайта оралуын күтіп отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық дзюдошы биыл көктемде Астанада өтетін Grand Slam турнирінде татамиге қайта шығуы мүмкін.