"Паспорт, әмиян және кілемше ғана қалды": Ислам Махачев ұрлыққа тап болды
UFC чемпионы Ислам Махачев Италияға сапары кезінде жағымсыз жағдайға тап болды.
Ислам Махачев әлеуметтік желідегі парақшасында Италияда ұрлыққа ұшырағанын хабарлады. Оның сөзінше, чемоданындағы бірқатар зат жоғалған.
“Италияға жақсы көңіл-күймен келіп едім, бірақ енді бұл ел маған онша ұнамай қалды. Паспорт пен әмиян ғана қалды. Құжатымды қайтарып берген “жақсы” ұрылар екен. Чемодандағы ең құнды зат — Кварацхелия сыйлаған бутсы еді. Егер футбол сендердің тақырыптарың болмаса, оны қайтарып беруге болады. Уайымдаудың қажеті жоқ, бәрі бақылауда. Кілемше де қалды, негізі маған одан артық ештеңе керек емес”, — деп жазды Махачев.

Аралас жекпе-жек шебері бұған дейін Италияны ұнататынын жасырмаған. Алайда осы жағдайдан кейін оның ел туралы әсері өзгергенін аңғартты. Соған қарамастан, файтер жағдайды сабырмен қабылдап, жанкүйерлерін алаңдамауға шақырды.
Ислам Махачев — Дағыстаннан шыққан ресейлік аралас жекпе-жек шебері. UFC-дегі ең танымал чемпиондардың бірі. Ол 2022 жылдың қазан айында Чарльз Оливейраны жеңіп, ұйымдағы чемпиондық белбеуді иеленген.