Үшінші әйел алу. Жалғас Жұмағұлов жоспарын бөлісті

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық ММА жұлдызы Жалғас Жұмағұлов отбасы, көп әйел алу және жауапкершілік жайлы пікір білдірді.

Үшінші әйел алу. Жалғас Жұмағұлов жоспарын бөлісті
NUR.KZ

Қазақстандық танымал ММА файтері Жалғас Жұмағұлов жеке өмірі мен көп әйел алуға қатысты көзқарасы туралы ашық сұхбат берді. Спортшы үшінші рет үйлену мәселесіне асықпайтынын айтып, отбасы алдындағы жауапкершіліктің маңызын ерекше атап өтті. Бұл туралы meta-ratings.kz хабарлады. 

Отбасындағы тәртіп пен тепе-теңдік

Жұмағұловтың айтуынша, қазіргі таңда оның отбасылық өмірі тұрақты жүйеге түскен. Қарбалас жаттығу кестесіне қарамастан, ол отбасы мен спорт арасындағы балансты сақтап отыр.

"Бұл жағынан бәрі реттелген. Жиындарға көбіне әйелдерімнің бірін ертіп барамын. Жақындарым да бейімделді. Үйде барлық мәселені өзім шешемін", – деді спортшы.

Үшінші неке мәселесі: асығыстық жоқ

Файтер үшінші әйел алу туралы бұрын айтқанымен, қазір бұл шешімді кейінге қалдырғанын жеткізді.

"Әзірге тежегішті басып отырмын. Көп адам үйлену оңай деп ойлайды. Бірақ оңай емес. Кейбіреулер үйленеді де, кейін әйелдері мен балаларын тастап кетеді – бұлай болмайды", – деді Жұмағұлов.

Жалғас Жұмағұлов отбасы құру – үлкен жауапкершілік екенін айтады. Әсіресе, бірнеше әйел алған жағдайда әділдік пен теңдік сақтау маңызды екенін атап өтті.

"Екінші әйел алсаң, бәріне бірдей көңіл бөліп, тең жағдай жасау керек. Ешқайсысын ренжітпеу қажет", – деді ол.

Сондай-ақ, спортшы бірінші жұбайының отбасындағы орны ерекше екенін айтып, отбасы үйлесімінің көп жағдайда сол кісіге байланысты екенін жеткізді.

Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі сәтсіздіктен кейін мансабын сәтті жандандырды. Ол Еуропадағы Oktagon лигасына ауысып, небәрі екінші жекпе-жегінде жеңіл салмақта чемпиондық белбеуді иеленді.